Тұрғын үйге кезекте тұрған алматылықтарға пәтер кілті табысталды
Алматыда жалға берілетін пәтерлердің кілті тапсырылды. Пәтерлер халықтың әлеуметтік осал тобы ретінде кезекте тұрған азаматтарға қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінген.
Салтанатты іс-шараға Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаева қатысып, пәтер иелерін құттықтап, осындай іс-шаралар әлеуметтік тұрақтылыққа және аса мұқтаж азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ете отырып, қаланың барлық тұрғыны үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
Алматы әкімдігі ХӘОТ санаттағы адамдарды, атап айтқанда, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударады. 2022 жылы Алматы қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан жетім балаларға 14 пәтер табысталса, 2023 жылы 55 пәтер берілді.
«2024 жылы ХӘОТ санаты үшін 2 мың жалға берілетін пәтер беру жоспарланып отыр, оның 400-і жетім бала. Бұл Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жеке бастамасы, мұқтаждар үшін жалға берілетін пәтерлердің 20%-ы жетім балаларға бөлінеді. Бүгін біз Шұғыла шағын ауданындағы Alem City-2 тұрғын үй кешенінде орналасқан үш үйдегі ХӘОТ санатына жататын 124 кезекте тұрғандарға пәтер кілтін тапсырдық. 124 пәтердің 49-ы бір бөлмелі, 75-і екі бөлмелі», - деді Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Оның айтуынша, жаңа пәтер иелері ай сайын баспанаы жалдау ақысын өтеуі керек. Наурызбай ауданында бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 10 мың теңге, екі бөлмелі пәтер 15 мыңға жуық, үш бөлмелі пәтер шамамен 20 мың теңге. Сондай-ақ, коммуналдық қызметті уақытылы төлеу қажет. Бағдарламаның шарты бойынша азаматтарға пәтерді жалға беруге немесе қайта жоспарлауға тыйым салынады.
Пәтер алғандардың бірі тұрғын үйге бірнеше жыл кезекте тұрған зейнеткер Үміт Құрманәлиева.
«Қала әкімі Ерболат Досаевқа зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл күн мен үшін нағыз мереке. Ұзақ жыл бойы кезекте тұрдым, бірақ ешқашан үмітімді үзбедім!», - деді ол.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
28 мамыр 2024