Балаларды қорғау күніне тарту: Алматыда«Самғау» атты жаңа шығармашылық орталық есігін ашты

Алматыда 1964 жылы салынған №3 Оқушылар үйінің орнына балаларға арналған жаңа Даму және шығармашылық орталығы бой көтерді. Енді«Самғау» атты жаңа орталықта балалар робототехника мен инженерлік жобалаудан тартып вокал, сурет, хореография және театр өнерін қамтыған 28 бағыттағы үйірмелерге қатыса алады.

Жарияланған күні мен уақыты: «02-06-2025 04: 26»

Оқу үдерісі ғылыми-техникалық, әлеуметтік-педагогикалық, гуманитарлық, көркем-эстетикалық және музыкалық-аспаптық сынды бес негізгі бағытта жүргізіледі.

Жаңа орталықтың ашылуы – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында алматылық бүлдіршіндерге мерекелік тарту болды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды «Самғау» балалардың даму және шығармашылық орталығына арнайы барып, ғимараттың инфрақұрылымымен және жабдықтарымен танысты. Ол оқу кабинеттерін, хореография залы мен робототехника зертханасын аралап көрді.

«Балалар үшін жайлы жағдай жасау – қаламыздың басты міндеттерінің бірі. Бүгін Алматыда балаларға арналған заманауи, ыңғайлы әрі қолжетімді жаңа кеңістік – «Самғау» даму және шығармашылық орталығы жұмысын бастағалы тұр. Мұнда шамамен 2000 бала сапалы қосымша білім алады. Жалпы, мегаполисте оқушылардың 90 пайыздан астамы қосымша біліммен қамтылған, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді. Көп ұзамай осындай орталықтар «Саялы», «Айнабулак» және «Жас Қанат» ықшамаудандарында да ашылады. Бұл жаңа полиорталықтар жүйесінің бір бөлігі. Басты мақсатымыз – әрбір бала өз үйінің маңында өзінің дарыны мен қызығушылығын дамыта алатын мүмкіндік жарату», – деді қала басшысы.

Жаңа ғимаратта музыкалық сыныптардан тартып робототехника зертханаларына дейінгі арнайы кабинеттер қарастырылған. Әр кабинет интерактивті панельдермен, моноблоктармен, ноутбуктермен, сондай-ақ түрлі бағыттағы үйірмелерге арналған заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда балалар бағдарламалау мен жобалау негіздерін меңгеріп, өздерінің алғашқы роботтық жобаларын жасауға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, бұрын бұл нысанның жалпы ауданы небәрі 1131,6 шаршы метрді құраса, жобалық қуаттылығы 650 балаға ғана есептелген болатын. Бұл орталықтың қосымша білім беру мүмкіндіктерін шектеп келген. Құрылыс аяқталған соң ғимараттың ауданы үш есеге жуық ұлғайып, жобалық қуаттылық 2000 балаға жетті. Жаңа екіқабатты кешен халықаралық стандарттарға сай салынған.

«Самғау» орталығының ашылу күнінде балаларға арналған шеберлік сабақтары, ұлттықойындар, спорттық эстафеталар, аниматорлар мен алып қуыршақтардың қатысуымен мазмұнды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Нысан аумағында түрлі тақырыптық алаңдар мен фотозоналар жұмыс істеді. Кішкентай қонақтарға балмұздақ, сусындар ұсынылып, сыйлықтар табысталды. Мерекелік көңіл-күйді әртістердің өнері мен түрлі  ойын бағдарламалары толықтырды. Әкім балаларды мерекемен құттықтап, оларға жарқын жаз, қызықты сабақтар мен есте қаларлық сәттер тіледі.

Жаңалықтар