Астана күніне орай Алматының Жетісу ауданында заманауи емхана ашылады

Алматының Жетісу ауданында 2024 жылдың соңына дейін үш емхана ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды аудан әкімдігі.

Жарияланған күні мен уақыты: «02-07-2024 16: 13»

Бүгінде «Саяхат» автовокзалы мен «Құлагер» шағын ауданындағы емханалар жаңғыртылып, пайдалануға берілгелі жатыр. Жұмысшылар кентінде №33 емхана сақадай-сай дайын, ол Астана күніне орай ашылады.

Жетісу ауданы әкімдігінің хабарлауынша, бірнеше жыл бұрын ауданда үш емхана ғана болған. Медициналық қызметке қолжетімділік қиындағасын жергілікті тұрғындар көршілес Түрксіб, Алмалы және Медеу аудандарына қаралуға мәжбүр еді. Жетісу ауданында емхана салуға жер телімінің жоқтығы жағдайды қиындатты. Мәселені шешу үшін медициналық мекемеге жарамды ғимарат іздеу басталды. Аудан әкімі Гүлнәр Көкебаева мәселенің заңды жағын қолға алып, бірте-бірте емханаға жарамды үш ғимарат сатып алынды.

Сонымен қатар, Кемел шағын ауданында ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынды, ол қазір аталған шағын аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, №11 емханада күрделі жөндеу жүргізілді және КТ мен МРТ қызметі бар өзінің диагностикалық орталығын ашты.

Осылайша, Жетісу ауданының халқы медициналық қызметтің қолжетімділігімен толық қамтамасыз етіледі.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қалада пациенттер мен дәрігерлер үшін заманауи, жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді.

Айта кетейік, Жетісу ауданының әкімі лауазымына Гүлнар Көкебаева 2020 жылдың қазан айында тағайындалған болатын.

 

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар