Алматының Алмалы ауданында негізгі экономикалық бағыттар бойынша өсім байқалады

Алматының Алмалы ауданында 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша бірқатар негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіште өсім тіркелді. Бұл туралы аудан әкімі Арман Шәмшин Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Жарияланған күні мен уақыты: «01-04-2026 15: 21»

«Бюджетке түскен салық түсімдерінің көлемі 220 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға жоғары. Бұл ауданның экономикалық белсенділігінің тұрақты екенін және іскерлік ортаның дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді Арман Шәмшин.

Оның айтуынша, аталған соманың 151,4 млрд теңгесі республикалық бюджетке, ал 68,7 млрд теңгесі жергілікті бюджетке түскен. Жергілікті бюджетке түскен түсім көлемі 6,8%-ға артқан.

Инвестиция көлемінде де оң динамика байқалады. Есепті кезеңде оның көлемі 31 млрд теңгеден асып, 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,1%-ға ұлғайған.

Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім тіркелді. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 30,4 мың шаршы метр болып, өткен жылмен салыстырғанда 42,3%-ға артқан.

Сонымен қатар, ішкі сауда көлемі 735,7 млрд теңгеге жетіп, 17,4%-ға өсті.



Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар