Алматыда Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты концерт өтті

Алматыдағы Абай алаңында «Аңыз домбыра» атауымен Ұлттық домбыра күні аталып өтті. Мегаполис тұрғындары мен қала қонақтары үшін сахнада халық музыкалық аспабына арналған әндер, сондай-ақ танымал домбырашылардың орындауындағы әйгілі күйлер шырқалды.

Жарияланған күні мен уақыты: «09-07-2024 13: 25»

Тыңдарман қауым «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Асылбек Енсеповтың орындауындағы әйгілі композицияларды, «Қоңыр» тобы мен Ардақ Балажанованың, Нұржан Жанпейісов және тағы басқа өнер майталмандарының орындауындағы халық әндерін тыңдады.

Халық музыкасының тыңдармандары Секен Тұрысбековтің авторлық орындауындағы әндерін, сондай-ақ Ерболат Мұстафаев пен Нұркен Әшіров квартетінің оқушыларымен бірге көрсеткен өнерін тыңдады. Кенен Әзірбаевтың аңызға айналған «Бастау» күйін Шолпан Даржанова орындаса, Жиенбай жыраудың аттас туындысын Ұлжан Байбосынова, ал «Сүгірдің термесі» композициясын Айгүл Елшібаева орындады. «Салтанат» би ансамблінің қайталанбас өнері музыкалық кештің көркін қыздыра түсті.

Мерекелік кеште Айгүл Қосанова мен Мөлдір Әуелбекова да өнер көрсетті. «Маралдым», «Алматым жүрегімде», «Толғау», «Түркінің тамшы жаңғырығы» сияқты композициялар кешке жиналған тыңдарман қауымның жүрегін баурап алды. Кешті қазақ өнерінің майталманы Роза Рымбаева «Домбыра туралы баллада» әнімен тәмамдады.

 

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар