Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «БАЛА ӘЛЕМІ» мерекесі өтті

1 маусым күні Алматының Орталық демалыс саябағында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «БАЛА ӘЛЕМІ» атты ауқымды қалалық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Мерекенің басты оқиғасы қазақстандық эстрада жұлдыздары, жас таланттар мен арнайы қонақтардың қатысқан кең көлемді концерттік бағдарлама болды. Көрермендер алдында Қазақстанның халық артисі Нағима Есқалиева мен Диас Аблаев өнер көрсетті. Сонымен қатар шығармашылық жолын халықаралық «BOZTORGAI» байқауынан бастаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Əmre, Kyle Ruh, Ayree және Alem сахнаға шықты.

Мерекелік концерттің арнайы қонақтары қатарында Болгариядан келген жас жұлдыз Виктория Илиева мен Польшаның танымал композиторы әрі әншісі, «Славян базары – 2013» байқауының Гран-при иегері Михал Качмарик болды. Ол сондай-ақ 2 маусымда осы сахнада басталатын «BOZTORGAI – 2026» халықаралық байқауы қазылар алқасының құрамында өнер көрсетушілерді бағалайды.

Концерттік бағдарламаны республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақерке Амалят, Мирас Нағашыбай, Жасмин Түзелова, Дастан Тұрдалы, сондай-ақ Алматының үздік балалар вокал студиялары, шығармашылық мектептері мен би ұжымдарының өнері айшықтай түсті.

Кештің ерекше ерекшелігінің бірі — AI-сұлу атты виртуалды жүргізушінің қатысуы болды. Қазақстандағы Жасанды интеллектті дамыту жылы аясында ол концерт барысында қызықты деректер мен танымдық мәліметтер ұсынып, заманауи технология мен шығармашылықтың үйлесімін көрерменге әсерлі түрде жеткізді.

Күні бойы балалар мен ата-аналарға арналған түрлі тақырыптық алаңдар жұмыс істеді. Атап айтқанда, «Қайрат — чемпион!» футбол аймағы, «Шахмат патшалығы» зияткерлік алаңы, суретшілер шығармашылық аллеясы, «Ұлы даланың үні» музыкалық бағдарламасы және қазақ ұлттық музыкалық аспаптарына арналған интерактивті алаң ұйымдастырылды.

Жүздеген бала байқауларға, шебердің сабағына, спорттық жарыстарға және шығармашылық белсенділіктерге қатысты.

«БАЛА ӘЛЕМІ» мерекесі мыңдаған жас алматылық пен олардың ата-анасының басын қосып, қонақтарға балалық шақтың шаттығы мен шығармашылықтың шынайы қуанышын сезіндірген жарқын мерекеге айналды.

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жарияланған күні мен уақыты: «02-06-2026 19: 46»

Жаңалықтар