Алматыда Қала күніне орай қандай мерекелік іс-шаралар өтеді

Қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда Қала күні мерекеленеді. Биыл мерекеге орай балалармен қатар, ересектерге де қызықты болатын 150-ден астам әртүрлі форматтағы іс-шара жоспарланған. Әрбір іс-шара өзінің стилі мен мазмұнына қарай «Алматы – біздің ортақ үйіміз», «Алматы – әсем қала», «Алматы – таза қала» ұғымы арқылы қала тұрғындары мен қонақтарын біріктіреді.

Жарияланған күні мен уақыты: «11-09-2024 04: 57»

Мәдени-көпшілік шаралар ашық аспан астында Абай атындағы алаңда (Республика сарайының алдында), Астана алаңында (ҚБТУ алдында), Арбатта, Тұңғыш Президент саябағында, М.Ганди атындағы саябақта, «Алатау» театрының алдындағы алаңда, «Көктөбе» саябағында, Family Park саябағында, Гүлдер саябағында және алматылықтардың сүйікті демалыс орындарына айналған бірнеше локацияда өтеді. Олардың басым дені халыққа тегін ұйымдастырылады. Тек театрларда, Шапито циркінде немесе жабық ғимараттарда өтетін қойылымдарға билет алу қажет болады.

Мерекелік іс-шаралар аясында оркестрлер, театр артистері, танымал әншілер қала ішінде арнайы автобуспен жүріп өтеді. Олар аялдамаларға, көпқабатты үйлердің ауласына және ашық алаңдарға тоқтап, тұрғындарды перформанспен таңғалдырады. Алматылықтар мен қала қонақтары мерекелік шараларға аяқ астынан қатысып қалуы мүмкін, өйткені артистер жүріп өтетін шығармашылық бағыт алдын ала хабарланбайды.

Сонымен қатар, Алматы күнін тойлау кезінде қаладағы метро нағыз өнер алаңына айналады. Мұнда жонглерлер, акробаттар, симфониялық және джаз оркестрлері өнер көрсетеді. Метро бекеттерінде қала музейлері, кітапханалары және мемлекеттік архив ұйымдастырған үлкен көрме өтеді. Жер асты көлігінің жолаушылары жол-жөнекей экспонаттармен танысып, әуезді әуен тыңдап, қызықты кітаптар оқи алады.

Қаладағы әр ауданда «үй маңындағы сауық-кештері» ұйымдастырылады. Ашық алаңда үлкен экрандар орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтары кешкі уақытта тарихи, классикалық және анимациялық фильмдер тамашалап, караокеде ән айта алады. Жобаға белгілі артистер де қатысып, тұрғындармен бірге караоке айтады.

Алматылықтар мен қала қонақтары түрлі аудиторияға бағытталған ауқымды концерттер тамашалай алады. Мысалы, классикалық музыка әуесқойлары симфониялық оркестрлердің қойылымын тамашалап, үлкен шығармашылық ұжымдардың орындауындағы саф өнерге куә болады. Джазсүйер қауымға да арнайы концерт ұйымдастырылады, ал ретро музыка әуесқойлары «Сағындым Алматымды» сынды ретро кешін тамашалай алады.

 

Жалпы қыркүйек айының соңына дейін ауқымды мәдени бағдарлама әзірленген. Алматылықтарды алғашқылардың бірі болып «Дос-Мұқасан» құттықтайды. Аты аңызға айналған ансамбльдің концерті 11 қыркүйекте сағат 19:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында (Нұркент шағын ауданы, 6) өтеді. Одан кейін дәл осы алаңда сағат 20:00-де «Музарт» тобының концерті басталады. Кіру тегін.

Сонымен қатар, 11 қыркүйек сағат 19:00-де Арбатта «Алматы махаббатым» атты театрландырылған концерт өтеді. «Жаңа ғасыр» театрының артистері ретро әндер мен поэзия арқылы мюзикл жанрындағы еркін шығармашылық атмосфераға бөлемек.

12 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында сағат 18:00-де (Нұркент шағын ауданы, 6) «Ұлы дала үні» концерттік бағдарламасы өтеді. Халық алдында Ulytau танымал этно-рок тобы өнер көрсетеді. Шығармашылық ұжым тыңдармандарды заманға сай өңделген танымал композициялармен таңғалдырады. Ulytau — бұл батыс пен шығыс мәдениеттерінің үйлесімі, және әлемде теңдесі жоқ аспаптық жоба. Скрипканың әсерлі үні домбыраның әуезді мотивімен үйлесіп, электрлі гитарадан әсем әуен болып төгіледі. Кіру тегін.

12-15 қыркүйек аралығында Панфилов көшесіндегі Арбатта сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін Алматы кітапханалары «Кітап оқуға саяхат» атты квест өткізеді. Сонымен қатар, 14-15 қыркүйекте сағат 11:00-ден бастап Арбатта жыл сайынғы «Кітап fest» фестивалі өтеді.

Сондай-ақ, 12 қыркүйекте сағат 15:00-де Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында киностудияның алтын қорындағы фильмдер көрсетіледі. Айта кетейік, биыл Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл, ал актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толады.

13 қыркүйекте сағат 18:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының (Нұркент шағын ауданы, 6) алдында «Алматы кеші» атты театрландырылған концерт өтеді, іл-шала сағат 19:30-да театр артистері «Qazaqsha терапия» тобының қатысуымен «Ғасырлар үні» театрландырылған концерт ұсынады. Кіру тегін.

Қала күніне арналған негізгі мерекелік іс-шаралар осы демалыс күндері – 14 және 15 қыркүйекте өтеді.

14 қыркүйекте сағат 18:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында (Нұркент шағын ауданы, 6) Open Air Jaidarman өтеді. Ашық аспан астындағы концертте қаланың ең танымал КТК командалары өнер көрсетіп, ұмытылмас әсер, қағытпа қалжың, әдемі әзіл ұсынады. Кіру тегін. Артынша сағат 20:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында (Нұркент шағын ауданы, 6) «Ән тербеген Алматым» ретро кеші өтіп, Ақбота Керімбекова, Жұбаныш Жексен, Салтанат Бақаева, Ербол Спалинов, Лашын Мұратқызы, «Үш қоңыр» тобы және театр артистері өнер көрсетеді.

14 қыркүйекте сағат 16:00-де Астана алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтіп, оған Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren және Adam сияқты танымал артистер қатысады. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері,продюсер DJ Imanbek.

Қала күні, 15 қыркүйекте сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін Республика сарайының алдындағы Абай алаңында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты ауқымды отбасылық фестиваль өтеді. Бұл бірегей жоба әрбір отбасы мүшесіне қызықты болмақ. Осы жерде сағат 11:30-да «Алматы – арман қала!» эстрадалық концерті өтеді, оған Жәмилә Серкебаева, Өктем Алтаев, Қаракөз Сүлейменова, Жұбаныш Жексенұлы, Диана Исмаилова, Мұқасан Шахзада және басқа да танымал артистер қатысады. Балалар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ «TikTok» белсенді қолданушыларына арналған ерекше фото және видео алаңдары ұйымдастырылады. Фестиваль аясында сағат 19:00-де YOLO HOUSE, BIP HOUSE және басқа да танымал тикток жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.

Дәстүр бойынша 15 қыркүйек күні Тұңғыш Президент атындағы саябақта сағат 10:00-де жыл сайынғы «Алма Fest» фестивалі басталады. Саябақ аумағында концерттер, ашық аспан астындағы кинотеатр, көрмелер, қолөнершілер жәрмеңкесі, алма сорттарының әрбір түрін қамтитын жәрмеңке, балалар ойын алаңдары, фотоаймақтар, спорттық ойындарға арналған аймақтар және т.б. ұйымдастырылады. Саябақта алматылықтар күні бойы отбасымен, достарымен және қонақтарымен мерекелік атмосфераны сезіне алады. Дәл осы саябақта 15 қыркүйекте сағат 16:30-да «Алматы – сүйікті қалам» концерті өтіп, мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Бақтияр Тайлақбаев, Жұбаныш Жексен, Диана Исмаилова және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді.

15 қыркүйек күні сағат 11:00-ден бастап Арбатта «Туған күніңмен, Алматым» фестивалі өтіп, қала тұрғындары мен қонақтары суретшілер көрмесіне, қолөнершілер жәрмеңкесіне, шеберлік дәрістеріне және басқа да іс-шараларға қатыса алады.

15 қыркүйекте Астана алаңында сағат 17:00-де эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Сахнада Нағима Есқалиева, Мейрамбек Беспаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Айдар Тұрғанбай және т.б. өнер көрсетеді.

Сол күні, 15 қыркүйекте, қала күніне орай еліміздің ең танымал жас артистің бірі Садраддин алғаш рет Орталық стадионда жеке концертін өткізеді.

 

16 қыркүйекте сағат 18:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында (Нұркент шағын ауданы, 6) республикалық «Ұлағат сөзім ұрпаққа» фестивалі өтеді. Фестивальге терме орындаушылары және елдің әр өңірінен келген жыраулар қатысады.

Сонымен қатар, 15-25 қыркүйек аралығында Қазақ мемлекеттік цирк артистері Тұңғыш Президент саябағында шоу бағдарлама ұсынып, қала тұрғындары мен қонақтарын қуантпақ. Бұл үшін саябақ аумағында алғаш рет Шапито циркі орнатылады. Бұл диаметрі 13 метр болатын жылжымалы манеж, онда цирк өнерінің барлық жанрындағы артистер өнер көрсетеді. Шапито күмбезінің биіктігі 10 метрден асады, кешен 700 орынға есептелген және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Балалар мен ересектер акробаттардың, жонглерлердің, клоундардың және басқа да цирк артистерінің ерекше қойылымдарын тамашалай алады. 3000-4000 теңге аралығында билетті алдын ала онлайн немесе Шапито циркінің кіреберісіндегі кассадан сатып алуға болады.

Іс-шаралар жоспарының толық нұсқасы Алматы қаласы әкімдігінің сайтында, сондай-ақ әкімдіктің Instagram парақшасында, Алматы Мәдениет басқармасы мен аудандық әкімдіктердің ресми парақшаларында жарияланған. Ескертейік, аздаған өзгерістер болуы мүмкін. Ақпаратты әкімдіктің ресми интернет-ресурстары арқылы бақылап отыруды сұраймыз.

 

Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар қаланың барлық аудандарында өтеді:

-Әуезов ауданында «Алматы - сүйікті қала» мерекелік концерті 13 қыркүйек күні сағат 11:00-де Family park демалыс саябағында өтеді;

-Алатау ауданында «Алматы - менің жүрегімде» мерекелік концерті 14 қыркүйек күні сағат 16:00-де «Алатау» ДӨТ алдында өтеді;

-Алмалы ауданында «Туған күніңмен, Алматы!» 13 қыркүйек күні сағат 15:00-де Ганди атындағы саябақта өтеді;

-Бостандық ауданында «Туған күніңмен, Алматы!» 13-14 қыркүйекте сағат 16:00-де Mega Almaty СОО аумағында өтеді;

-Жетісу ауданында қала күнін мерекелеу 13 қыркүйек күні сағат 18:00-де Құлагер ш/а «Гүлдер» саябағында өтеді;

-Наурызбай ауданында «Алматы - біздің ортақ үйіміз» мерекелік концерті 14 қыркүйек күні сағат 12:00-де Шұғыла ш/а, 347 амфитеатр аумағында өтеді;

-Түрксіб ауданында «Алматы - әсем қалам» негізгі аудандық концерті 14 қыркүйек күні сағат 15:00-де №6 оқушылар үйінің скверінде көркемөнер ұжымдарының, ҚР эстрада жұлдыздарының және Live band қатысуымен өтеді;

-Медеу ауданында «Туған күніңмен, Алматы!» 14 қыркүйек күні сағат 12:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтеді;

Жаңалықтар