Алматыда 9 мыңнан астам жас комьюнити орталықтың арқасында жұмысқа орналасты

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданын аралау барысында жастардың комьюнити орталығын ашуға арналған жаңа ғимаратта болды.

Жарияланған күні мен уақыты: «24-06-2024 12: 25»

Айта кетейік, бұл аудандағы комьюнити орталықтың екінші филиалы, біріншісі Боткин көшесі, 16 мекенжайында орналасқан.

Жалпы ауданы 645 шаршы метр ғимарат осы жылдың сәуір айында бос жерде салынған. Жаңа комьюнити орталықты ашу үшін инклюзивті тәсілді ескере отырып, жаңғыртылып жатыр. Сондай-ақ, орталық аумағында шағын сахна мен баскетбол алаңын орналастыру жоспарланған. Жұмысты 2 айдың ішінде аяқтау көзделген.

Ашылған соң мұнда креативті қоғамдық кеңістік пайда болып, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру, психологиялық және заңгерлік көмек, жаңа мамандық алу бойынша қысқа мерзімді курстар сынды жастарға қажетті қолдау шаралары ұсынылады.

Ерболат Досаев әр ауданда жастарға арналған комьюнити орталықтар құру тәжірибесі оң нәтиже бергенін атады. Биылғы бірінші тоқсанның өзінде 9 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,2%-дан 4,6%-ға дейін қысқарды.

Қалада Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесі аясында барлығы 8 комьюнити орталығы ашылған. Олар күнде, демалыс жұмыс істейді. Орталықтарға күн сайын орта есеппен 300 адам келеді. 2025 жылдың соңына дейін осындай 16 орталық жұмыс істемек.

Бүгінде Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 680 мыңға жуық жас тұрады, оның ішінде Жетісу ауданында 58 мыңнан астам жас бар. NEET санатындағы жастардың үлесі (білімі мен жұмысы жоқ жастар) ауданда 6%. Жалпы, мегаполисте құрылған жастарды әлеуметтендіру жүйесінің арқасында NEET санатындағы жастардың үлесі азайып келеді.

 

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар