Алматыда жаңа оқу жылына 12 мыңнан астам оқушы орны құрылды
Жаңа оқу жылына Алматы қаласында 8 жаңа жалпы білім беретін мектеп және қолданыстағы мектептердің қосымша корпустары ашылды. Жалпы саны 12 065 жаңа оқушы орны құрылды. Бұл туралы Алматы қаласының Білім басқармасы хабарлады.
Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 32 922 бала аттады. Оның ішінде 30 046 бала мемлекеттік мектептерге, тағы 2 876 бала жекеменшік мектептерге қабылданды.
Қазіргі таңда Алматыда 362 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда шамамен 356 мың бала білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны шамамен 3%-ға өсті, ал мемлекеттік мектептердің саны 10%-ға артты.
Жаңа мектептер қосымша оқушы орындарына қажеттілік жоғары аудандарда ашылды. Алатау ауданында жалпы саны 3 750 орынға арналған үш мектеп, Түрксіб ауданында 6 100 орынға арналған төрт мектеп, Жетісу ауданында 1 200 орынға арналған бір мектеп пайдалануға берілді. №112 және №16 мектептер жанынан әрқайсысы 300 орынға арналған қосымша корпустар ашылды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында Алматы қаласында жалпы сыйымдылығы 34 800 орын болатын 21 мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қолданыстағы білім беру инфрақұрылымы жаңартылуда. №60, №160 және №124 мектептерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ жөндеуден кейін №15 мектеп-интернат қайта жұмысын бастады. 164 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында химия, физика, биология, STEM және робототехника бағыттары бойынша 1 130 заманауи кабинет жабдықталды.
Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттарға жататын 7 669 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 60 мың теңгеден берілді. 133 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Қаладағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. 235 мектепте талшықты-оптикалық байланыс желілерінің арқасында интернетке қосылу жылдамдығы 100 Мбит/с құрайды.
Қауіпсіздік пен көліктік қолжетімділік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. 202 мемлекеттік балабақша мен 235 мемлекеттік мектеп кешенді қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтамасыз етілді. «Мектеп автобусы» жобасы аясында 60 мектептен 11 мыңнан астам оқушы тасымалдау қызметімен қамтылды. Бұл мақсатта 250 автобус жұмылдырылды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жаңалықтар