Алматы Орталық Азияның гастрономиялық астанасы ретінде таныстырылды: қаланың алғашқы ресми гастрогиді жарық көрді
Алматы бүкіл әлем гурмандары үшін тартымды мекенге айналып келеді. Қала саяхатшыларды кулинарлық дәстүрлердің бірегей үйлесімімен, ерекше дастарханымен және қарқынды дамып жатқан мейрамхана кәсібімен қызықтырады. Мұнда қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдарын да, түрлі ұлыстардың асын да, сондай-ақ, халықаралық тағамдардың авторлық жұмысын да татып көресіз.

Алайда бұл саланың танымалдығы артып келе жатқанына қарамастан, Алматыда гастрономиялық бағытта қызмет көрсететін гидтер жоқтың қасы. Бұл жағдай бағытты дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Бұған байланысты Almaty Tourism Bureau Алматыны өңірдің гастрономиялық астанасы ретінде дамыту үшін арнайы гастрономиялық гид әзірледі.
Гидке 140-тан астам ерекше тағамдар мен дастархан ұсынатын мекемелер енген. Мұнда қалада гастрономиялық тәжірибе алуға арналған бағыттар, идеялар мен сценарийлер қамтылған. Бұл сценарийлер кәсіби гидтер мен тағам саласындағы сарапшылардың қолдауымен жасалған, сондықтан туристер үшін ұмытылмас әсер қалдыруы сөзсіз.
Гид бірнеше тақырыптық бағытты қамтиды. «Классикалық тур» Алматының тарихын тағамдар арқылы таныстырады. «Дәстүрлі гид» қазақ ұлттық тағамдарына терең үңілуге мүмкіндік береді. «Мультимәдени гид» еліміздің мәдени алуан түрлі екенін ас мәзірі арқылы көрсетеді. «Тау мен гастрономия» бағыты белсенді демалыста татып көруге тұрарлық дәм топтасын ұсынады. Сонымен қатар, «Инстаграмбл-маршрут» көркем локацияларды, ал Art&Eat концептуал әрі өнерге бағытталған орындарды таныстырады.
Гид, сондай-ақ, көше тағамдары мен барларға арналған бағыттарды қамтиды. Бұдан бөлек, Алматыға ғана тән ерекше тағамдар мен сапардан естелік ретінде алып кетуге болатын азық-түлік кәдесый тізімі де енгізілген.
Жоба үш тілде — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалған, бұл оны кең аудитория үшін қолжетімді етеді. Гидтің баспа нұсқасы туристерге таратылмақ, ал ағылшын тіліндегі нұсқасы шекаралық бақылау пункттерінде және туристік ақпараттық орталықтарда қолжетімді болады.
Гидті жасау – гастрономиялық туризмді дамытудың жаңа кезеңі ғана емес, сонымен қатар, Алматыны заманауи әрі қонақжай қала ретінде танытудың бір мүмкіндігі. Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, басты назар түсінікті құрылым мен ыңғайлы бағыт-бағдарға берілген: жеңіл оқылады, бағыттар мен мекемелер логикаға сай топтастырылған.
Мекемелерді таңдау кезінде танымалдық деңгейі мен рейтингтер ғана емес, сондай-ақ, олардың атмосферасы, тағам сапасы және бірегей концепциясы ескерілген. Гидте мекемелер санаттар мен қаланың әртүрлі аудандарына қарай жіктеліп, мекенжайлары, жұмыс уақыты мен байланыс деректері көрсетілген.
Бірқатар мекеме 50 Best Discovery, The World's 50 Best Bars, Top-1000 Restaurants 2025 сияқты халықаралық рейтингтерге енген. Алматының мейрамханаларының мұндай тізімдерге енуі оның гастрономиялық бағыт ретіндегі мәртебесін бекітіп, жергілікті асхананың халықаралық аудиторияға танылуына жол ашады.
Гастрономиялық гидтің электрон нұсқасын мына жерден жүктеуге болады.
Жаңалықтар

