Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады
Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс сапасы, жылумен қамту, электр желілері және көріктендіру мәселелері бойынша тұрғындардың өтінішін қарады.
Қабылдауға қаланың әртүрлі аудандарынан ПИК, МИБ және бастамашыл топтардың өкілдері келді. Негізгі мәселе «Мәдениет» және «Зерделі» шағынаудандарындағы тұрғын үйлердің жай-күйіне, басқарушы компаниялардың жұмысына, инженерлік желілерге қосылуға, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді көріктендіруге қатысты болды.
Тағы бір маңызды тақырып - «Мәдениет» тұрғын үй кешеніндегі жағдай. Тұрғындар жылумен қамтудағы үзіліс пен құрылыс сапасына қатысты ақауға шағымданып отыр. Кейбері үйде есептеу құралдары, автоматика және қысым реттегіштері орнатылмаған, соның салдарынан жүйе теңгерімсіз күйде қалып отыр.
Сондай-ақ, «Ерменсай» шағынауданын электрмен қамту мәселесі талқыланды. Тексеру нәтижесінде мердігер ұйым бірқатар ақау жіберіп, кепілдік міндеттемелердің бұзылуы анықталған.
Бұдан бөлек Панфилов көшесінің Гоголь көшесінен төмен орналасқан бөлігін көріктендіру жайы талқыланды. Салаға жауапты қызметтердің айтуынша, бұл аумақ 2017 жылы қалалық бағдарлама аясында қайта жаңғыртылған, ал 2024 жылы мұнда қосымша көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
Алмасхан Сматлаев әрбір тұрғынның өтініші жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктері қатысатын жұмыс тәртібінде қаралатынын атап өтті.
«Әкімдіктің міндеті — шағымды тіркеумен шектелу емес, әрбір өтінішті нақты шешімге жеткізу. Қабылдауда көтерілген барлық мәселе бақылауда және толық шешілгенге дейін назарда ұстаймыз», — деді Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Қабылдау қорытындысы бойынша коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасына, энергетика және сумен жабдықтау басқармасына, құрылыс басқармасына және аудан әкімдері аппараттарына тиісті тапсырмалар берілді. Азаматтардың барлық өтініші тіркеліп, бақылауға алынды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жаңалықтар