Алматы әкімі Алатау ауданындағы нысандарды аралады
Алатау ауданына жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көлік, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалармен танысты.

Ең алдымен, қала басшысы Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін ұзарту жөніндегі жұмыстың барысын тексерді. Жоба көлік байланысын жақсарту стратегиясының бір бөлігі. Құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ұзарту жобасын іске асыру Тілендиев көшесі мен ҮАК бойындағы көшенің, сондай-ақ көршілес аралықтардағы жүктемені азайта отырып, Саин көшесі арқылы өтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қала әкімі Әйгерім шағын ауданындағы құрылысы аяқталмаған су құбыры және кәріз желілерінің жай-күйімен де танысты. Бүгінде жаңа ЖСҚ (жобалау-сметалық құжаттама) әзірленуде. Жұмсалатын нақты сома сараптамадан соң анықталады. Дархан Сатыбалды құрылыс-монтаж жұмыстарын шілде айында кестеге сәйкес бастауды тапсырды.
Жұмыс сапары аясында қала басшысы Саялы шағын ауданында ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысына барды. Бүгінде жұмыстың 70%-ы орындалды. Жаңа амбулаторияның құрылысы біткен соң Саялы-1, 2 және Көк-Қайнар шағын аудандарының 30 мың тұрғынға сапалы медициналық көмек қолжетімді болмақ.
Бұдан басқа, Дархан Сатыбалды Боралдай өзені арнасының ұзындығы 2 шақырым болатын учаскесін реконструкциялау, іргелес аумақты абаттандыру барысын да тексерді. Жоба габиондарды бөлшектеуді, дренаждарды орнатуды, арнаны нығайтуды, қоршаулар жасауды және өткелдерді қайта құруды қамтиды. ЖСҚ маусым айының соңына дейін аяқталады. Жобаны іске асыру Ақбастау көшесінің су басқан учаскесіндегі жағдайды шешуге мүмкіндік береді.
Алматы әкімі Батыс кәріз коллекторының құрылысымен танысты, ол іске қосылған кезде (аяқталуының жоспарланған мерзімі - 2026 жылғы қараша) Наурызбай ауданының, Алатау ауданының бір бөлігінің және Алматы облысы Іле ауданының қалаға іргелес «Аманат» кентінің тұрғындары орталықтандырылған су бұрумен қамтамасыз етіледі. 2025 жылдың ақпан айында Алатау ауданында кәріз сорғы станциясының құрылысы басталды. Бұл кәріз коллекторының өткізу қабілеті 400 мыңға жуық адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Дархан Сатыбалды қарқынды дамып келе жатқан аудандарда көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызды екенін айтып, барлық жобалардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиісті басшыларға тапсырма берді.
Жаңалықтар
