«Ақылды қала» құру: Шэньчжэнь қаласы мэриясынан делегация Алматының даму орталығына барды
Алматы қаласын дамыту орталығына Шэньчжэнь қаласы мэриясынан делегация келіп, қалалар арасындағы цифрлық трансформация және «ақылды» қалаларды дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында кездесу өткізді.
Shenzhen Urban Transportation Planning and Design Research Center Co (SUTPC) компаниясының директоры Янь Чуаньвэньнің айтуынша, соңғы жылдары Шэньчжэнь басшылығы «ақылды» қалаларды дамыту және құруға баса назар аударып келеді. SUTPC осы саладағы жетекші компания болып табылады және «Смарт сити» тұжырымдамасы аясында ғылым мен технология саласындағы көптеген марапат иеленіп, 300-ден аса өнертабысқа патент алған.
Бүгінде SUTPC жобаларына цифрлық егіздерді, бұлтты желілердің цифрлық платформаларын, азаматтарға мемлекеттік қызметтің сан түрін ұсынатын «i-Shenzhen» қосымшасын әзірлеу; сондай-ақ Big data мен жасанды интеллектті қолдана отырып, түрлі қалалық жүйелерді модельдеу, дамыту және біріктіру кіреді. Бұл бағыттарды дамыту экономикалық өсуді, энергия тұтынуды және құрылыс шығындарын азайтуды, қоғамдық қауіпсіздікті арттыруды және төтенше жағдайға қалалық әкімшіліктің әрекет ету жылдамдығын арттыруға ықпал етеді. Янь Чуаньвэнь Шэньчжэньдегі төтенше жағдайларға ден қою жылдамдығы 30%, энергия тұтыну көлемі 10% төмендегенін, ал құрылыс шығындары 30% азайғанын атап өтті.
Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабек әріптестеріне Алматы қаласын дамыту орталығымен, қала әкімдігінің жобалық кеңсесімен және басқа да тиісті басқармалармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан қалалық жобалар туралы айтып берді. Атап айтқанда, бұл Алматы қаласының болашақ цифрлық егізін қалыптастыруға негіз болатын инженерлік желілерді түгендеу жөніндегі жоба. Түгендеу барысында алынған деректер кейін «ақылды» қаланың қаңқасына айналады.
«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Руслан Бармашев қонақтарға қалалық ақпараттық жүйелерден және ашық дереккөздерден алынған ақпаратты жинақтауға, өңдеуге және талдауға мүмкіндік беретін, басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесетін деректер талдамасын құруға, сондай-ақ қала өмірінің барлық саласын бақылауға арналған бағдарламалық құралдардың пайда болуына көмектесетін «Алматы қаласының Ахуалдық орталығы» ақпараттық жүйесін ұсынды.
Ол қауіпсіздік, көлік, инклюзия, білім беру, денсаулық сақтау және экология бойынша модульдерді таныстырды. «Қауіпсіз қала» және әлеуметтік салаға ерекше назар аударылды.
Шэньчжэнь қаласы мэриясының өкілдері осы жобаларға қызығушылық танытып, қолдау көрсетуге және кеңес беруге дайын екенін білдірді.